«Жазықсыз жандарды атып тастады». 6 қаңтарда Алматыдағы алаңда не болды?
Куәгерлер 6 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңында әскери киім кигендер бейбіт тұрғындарға оқ атқанын айтады. Ол кезде қалада «террористерге қарсы операция» жүргізіліп жатқан еді. Азаттық 6 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңында оқиға қалай өрбігенін анықтап көруге тырысты. Қалың тұман, ыс иісі, түнгі тәртіпсіздік пен бассыздықтың ізі. 5 қаңтарда мыңдаған адам қала әкімдігі мен президенттің Алматыдағы резиденциясына басып кірген еді. Ертеңіне қала ортасындағы телеарна мен радиостанция редакциялары талқандалды, дүкендер тоналып, Алматы тұрғындарының көбі үйінен шыға алмай қалды. Радио эфирінен елде «терроризмге қарсы операция» жүріп жатқаны ескертілді.
Details








